Контрафактілік өнімдер тасымалданатын арнаның жолы кесілді

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли республика бойынша өткен «Шекара-контрафакт» жедел-сауықтыру шарасының барысымен таныстырды,


Контрафактілік өнімдер тасымалданатын арнаның жолы кесілді
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Департамент бастығы орынбасарының мәліметтері бойынша, аталмыш шара сәуірдің 6-сы мен 10-ы аралығында ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу мен контрафактілік өнімдерді саудалаушылармен күрес мақсатында ұйымдастырылған. Оның нәтижелері бойынша республика аймағында ақпараттық технологиялар саласындағы 276 қылмыс анықталған. Оның 229-ы - контрафактілік, 31-і порнографиялық өнімдерді таратуға қатысты болып отыр. Сондай-ақ бөтеннің есебінен интернетті пайдаланудың 4 фактісі, компьютер желісіне заңсыз кірудің 4 оқиғасы анықталған. «Заңсыз айналымнан 31 мың 995 еркін саудаға шығаруға тыйым салынған заттар мен 31 мың 853 «СД» және «ДиВиДи» дискілері тәркіленді. Олардың арасында порнографиялық көріністері бар 80 дискі мен лицензияланбаған 62 дискі және 33 түрлі техника құралдары бар», - дейді Е.Уәли. Оның айтуынша, тәртіп сақшылары шара аясында 609 рет бірлескен рейд ұйымдастырып, аудио және бейне өнімдер сатылатын 393 орынға тексеру жүргізген. Сондай-ақ 98 компьютер клубы мен 63 интернет-кафе, компьютерлік техника сатылатын 95 фирма тексерілді. «Осы шаралар барысында анықталған заңға қайшы әрекеттер бойынша 32 қылмыстық іс қозғалып, контрафактілік өнім дайындайтын 2 заңсыз цехтың жұмысы тоқтатылды», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі.