Контрафактілік өнімдерден «Қазақстан темір жолы» ҰК миллиардтаған теңге шығынға ұшырады - Бас көлік прокуратурасы
АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - Контрафактілік өнімдерді сатып алудан «Қазақстан темір жолы» ҰК миллиардтаған теңге шығынға ұшырады. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.
«Кәсіпкерлердің құқын қорғау саласында ағымдағы жылы жұмыс белсенді атқарылып, кең ауқымды акциялар ұйымдастырылды, бизнес өкілдерімен кездесулер өткізілді. Егер 2012 жылы көлік прокуратурасындағы жедел топпен жалпы алғанда 53 «дабыл» қабылданған болса, онда ағымдағы жылдың басынан бері кәсіпкерлер тарапынан 45 «дабыл» түсіп, прокурорлық актілер бойынша 164 заңсыз тексерулерге тыйым салынды» делінген баспасөз баянында.
Бұдан бөлек, прокуратура органдары әлеуметтік тұрақтылыққа баса мән беріп, еңбек құқықтарының қорғалуына да баса назар аударған. Мәселен, көлік прокурорларымен жыл басынан бері 11 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалып, жалақы мен экологиялық үстемеақы бойынша 1,8 млрд. теңгені құрайтын берешек өтелді.
«Әуе және теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында да белгілі бір жұмыстар атқарылды. Ұшулардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнаманың сақталуын тексеру барысында әуетасымалдаушылар мен уәкілетті орган тарапынан жүйелі бұзушылықтардың орын алып отырғаны анықталды. Контрафактілік жүк вагондары мен оның бөлшектерін сатып алу және сату фактілері анықталды. Бұдан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ миллиардтаған теңге шығын шекті. Бас прокуратураның тексерулер нәтижесі туралы Мемлекет басшысына ақпарат берілді, ал Үкімет басшысының атына заңсыздықтарды жоюға бағытталған ұсынымдар жолданды» делінген баспасөз баянында. Ағымдағы жылдың соңына дейін Бас көлік прокуратурасы қалалық электр көліктері мен су көліктеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында, сонымен бірге білім туралы заңнаманың орындалуына қатысты бірқатар тексерулерді жоспарлап отыр.