Концерттерде мені Өзбекстан мен Қазақстанның Халық әртісі деп хабарлауын сұраймын — Фаррух Закиров

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — «Достық» орденімен награтталған «Ялла» ансамблінің көркемдік жетекшісі Фаррух Закиров көрсетілген құрмет үшін барша қазақ халқына және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фаррух Закиров
Фото: Әлихар Асқар/Kazinform

— Бізді көп дүние байланыстырады: рухани құндылықтар, дәстүрлер, мәдениет. Мен бұл сыйлыққа лайықты деп танылғанымды мақтан тұтамын. Менің ойымша, бұл менің халқыма көрсетілген құрмет пен алғыс. Әлем елдерін аралап, концерттерге қатысқанда мені әрдайым Өзбекстанмен бірге, Қазақстанның Халық әртісі, деп хабарлауын сұраймын. Осы орайда, кеңпейіл қазақ халқына және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіремін, — деді Фаррух Закиров.

Сонымен қатар әнші биыл «Ялла» ансамблінің 55 жылдығына орай әлемдік турне ұйымдастырылатынын жеткізді. Бұл ретте алғашқы концерт Қазақстанда өтеді.

— Мен Қазақстанның Халық әртісі атағын Алматыда алғанмын. Сондықтан турнені осы қаладан бастаймыз, — деп мәлімдеді Фаррух Закиров.

Еске салайық, бүгін Ташкентте әнші Фаррух Закировке Қазақстан Президенті атынан «Достық» орденін табыстау салтанаты өтті.