11:36, 23 Сәуір 2014 | GMT +5
Кооперативтер туралы 5 заңның орнына біреуін қабылдау қажет - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кооперативтер туралы 5 заңның орнына «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» бір заң қабылдау қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасындағы кооперация мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Бүгінгі таңда кооперациялар қызметі 5 заңмен реттеледі. Олар: «Тұтынушылық кооперациялар туралы», «Өндірістік кооперациялар туралы», «Ауылдық тұтынушылық кооперациялар туралы», «Ауыл шаруашылығы серіктестіктері мен қауымдастықтар туралы», «Су пайдаланушылары ауылдық тұтынушылар кооперативті туралы» Заңдар», - деді ол. Министрдің атап өтуінше, аталған 5 заңның бір-біріне қарама-қайшы келетін тұстары көп. Бұл заңдардың талаптарын орындау үшін біліктілігі жоғары заңгер маман қажет. Олай болмаған жағдайда кооператив басқарма жиынының шешіміне наразылық таныта алады. «Жалпы біз 5 заңның орнына «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» бір заң қабылдауды ұсынамыз», - деді министр.