12:34, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Көп балалы аналарды қолдау және мүгелектерге жәрдемақы төлеуге қатысты заңдарға күрделі өзгерістер енгізіледі
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - 2010 жылдан бастап азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын қабылдау үшін қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізу қажет.
Осы мақсатта Үкімет еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл заң жобасы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2008 жылғы ақпанның 6-сындағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру ? мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауына сәйкес әзірленген.Заң жобасында көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттау шартын өзгерту, төртінші бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы мен бала бір жасқа толғанға дейін берілетін бала күтімі жөніндегі ай сайынғы жәрдемақылардың мөлшерін арттыру ұсынылып отыр.«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға да түзетулер енгізіледі. Ендігі жерде жеті бала тауып, тәрбиелеген аналар «Алтын алқа» алқасымен марапаталатын болды. Ал алты баланы дүниеге әкелген аналар «Күміс алқа» алқасымен марапатталады.Көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен наградтау шарттарын өзгерту көп балалы аналардың беделі мен мәртебесін, олардың бала тәрбиелеудегі, отбасын нығайтудағы және демографиялық ахуалды жақсартудағы рөлін арттырады.«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан заңына төртінші және одан кейінгі бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы мөлшерін 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК), яғни, 68 мың 750 теңгеге дейін және бала бір жасқа толғанға дейін берілетін бала күтімі жөніндегі ай сайынғы жәрдемақыны арттыру көзделіп отыр. Бұл өзгерістерді қабылдау бала тууды ынталандыру және демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында жүзеге асырылады.
Сол секілді мүгедек бала тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы енгізуді көздейді.
Мүгедек балаларды қосымша әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді. Бүгінгі таңда елімізде 45,4 мың мүгедек бала есепте тұр. Оларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Мүгедек балалар бөгде адамның тұрақты күтіміне мұқтаж. Мүгедек баланы күту, тәрбиелеу жөніндегі барлық проблемалар, күнделікті өмірдегі мүгедектік аспектісіне байланысты түрлі мәселелерді шешу отбасының мойнына түседі. Бұл отбасының бір мүшесінің жұмыс істеу және табыс табу мүмкіндігін шектейді. Осыған байланысты «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Қазақстан заңына анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) ең төмен айлық жалақы мөлшерінде мүгедек балаға арналған жәрдемақы енгізу бөлігінде толықтыру енгізіледі.
Көрсетілген нормаларды іске асыру үшін «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2008 жылғы желтоқсанның 4-індегі Қазақстан Республикасының Заңында 31 млрд. 462,8 млн. теңге көлемінде шығыстар қарастырылған. Оның ішінде 2010 жылға 15 млрд. 096,3 млн. теңге, 2011 жылға 16 млрд. 366,5 млн теңге көзделген.