Көп балалы отбасылар мерзімдік басылымдарға тегін жазылу құқығына ие болды ? дөңгелек үстел

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Көп балалы отбасылар Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестіріліп, басылымдарға тегін жазылу мүмкіндігіне ие болды.

Көп балалы отбасылар мерзімдік басылымдарға тегін жазылу құқығына ие болды ? дөңгелек үстел
Бұл туралы бүгін Астана қаласы әкімдігінде «Қазақстан үшін демографиялық балама» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасы бастығының орынбасары Дәмежан Сәдуақасова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, төрт және одан да көп балалары бар отбасылар бұған дейін қоғамдық көліктерде тегін жүру билеттері мен жәрдемақылар алып келсе, енді олар мерзімдік басылымдарға тегін жазылу құқығына да ие болды. «ҰОС ардагерлерінің саны жылдан-жылға азайып келе жатқандықтан, көп балалы отбасыларға осындай жеңілдікті ұсыну ұйғарылды. Сонымен қатар, көп бала тәрбиелеп отырған аналарға жасанды тістерді салдырту қызметі ақысыз көрсетіледі», - деді ол. Д.Сәдуақасованың айтуынша, жергілікті бюджеттен нәресте дүниеге келгенде берілетін біржолғы және бір жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақылар, көп балалы отбасылар мен мүгедек балаларға көрсетілетін көмектерден бөлек әлеуметтік жағынан әлсіз отбасыларға балаларға арналған сүт тағамдарын тегін беру, балабақшалардың ақысын төмендету, жалғызбасты аналарға жәрдемақы төлеп, көп балалы отбасыларға тұрғын үй мәселесімен көмектесу қажет.