«Көп кешікпейтін көмек» атты қайырымдылық жобасы басталады
А. Қарашаның 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Елордада «Ақ жүректілер одағы» және «Астана қаласы мүгедек-балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Көп кешікпейтін көмек» атты қайырымдылық жобасы жүзеге аса бастайды.
Бүгін осыған орай Ұлттық баспасөз орталығында баспасөз мәслихаты болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана қаласы мүгедек-балалар қоғамы» бірлестігінің төрайымы Қамқа Жасанованың айтуынша, аталған жобаның басты мақсаты қоғамның назарын мүгедек-балалардың проблемаларына аудару, ақпараттық қолдау арқылы жұртшылықтың қайырымдылық шараға қатысуын белсендіре түсу болып табылады. Жоба аясында жинақталған қаражаттың барлығы церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға, жүрек ауруы, онкологиялық аурулар бойынша күрделі әрі қымбат операция жасауды қажет ететін бүлдіршіндерге бағытталатын болады.
Сонымен қатар, «Көп кешікпейтін көмек» жобасы аясында бірқатар қайырымдылық акциялары қамтылғалы отыр. Атап айтқанда, «Вестер Гипер» дүкендер желісі бойынша тұтынушыларға қайырымдылық пакеттері ұсынылып, «Пакет сатып ал да - балаларға көмектес!» атты акция жоспарланып отыр. Бұдан басқа, қонақ үй бизнестері үшін акциялар «Дипломат» қонақ үйінде ұйымдастырылса, бірқатар демалыс орындарында қайырымдылық ойын-сауық шаралары жүзеге асады. Соның аясында ауыр науқастанған балалар үшін қаражат жинау күтіледі.
Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, ауыр науқасты балаларды емдеуге Қытай Халық Республикасының медицина мамандары да атсалысатын көрінеді. «Осы жоба аясында қытайлық тәуіптердің балаларға арналған ем-домы әдеттегі күнге қарағанда біршама арзанырақ болғалы отыр» дейді ұйымдастырушылар.
Жоба жалпықалалық «Үміт күні» атты акциямен бірге қарашаның 21-інен басталады. Қайырымдылық жобасына қатысқысы келетіндерге 62-75-00 телефоны арқылы қоңырау шалып, хабарласуына болады.