Министрлердің 90 пайызының тағайындалғанына көп болған жоқ, жұмыс нәтижесін көріп үлгермедік — депутат

Айдарбек Ходжаназаров
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістегі Respublica партиясының фракциясының жетекшісі, депутат Айдарбек Қожаназаров жаңа Премьер-Министрдің тағайындалуы мен Министрлер кабинетінің мүшелеріне қатысты пікір білдірді.

«Менің ойымша, Министрлер кабинеті мүшелері арасында 90 пайызының келгеніне жарты жыл болмады. Осы аз уақыт аралығында олардың жұмыс нәтижесін көріп үлгермедік. Сондықтан біздің партияның алдында бұл министрлердің бәрін аутсайдер деп санаймыз. Себебі Үкімет жұмысында олар нақты нәтижесін көрсетпеді. Біз бірнеше мәрте сұрақ қойған едік, сол кезде олар „жұмыс нәтижесін көрсетуге уақыт керек“ деген уәж айтты. Яғни жоспарларды жүйелеп алуға уақыт сұрады», — деді А. Қожаназаров Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып. 

Оның пайымынша, жаңа Үкімет құрамында қаржы блогы өзгеруі тиіс. 

«Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің саясаты бұрынғы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жүргізген бағытына сай болғаннан кейін  аталған екі министрлікте өзгеріс болуы керек», — деді депутат.

Сонымен қатар ол жаңа Үкімет басшысына қатысты пікір білдірді.

«Олжас Бектенов өңірде қызмет етті. Жергілікті атқарушы органдар қалай жұмыс істейтінін біледі. Оны кеңседе немесе кабинетте ғана отырған адам деп айтуға келмейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарғаннан кейін, оның осы экономикалық жүйеде, сондай-ақ жемқорлыққа қарсы қызмете тәжірибесі бар. Осыны ескере отырып Respublica партиясы Бектеновті қолдады», — деді А. Қожаназаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің қаржы-экономикалық блогы өзгеретінін айтты.  

Соңғы жаңалықтар