Көп ұлтты ұстаздар отбасы қазақ халқына алғыс айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен көктемнің алғашқы күні Алғыс айту күні болып белгіленген болатын. Осы күн қарсаңында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаева «Нұр Отан» партиясының «Есіктен есікке дейін» акциясы бойынша көп ұлтты ұстаздар отбасымен кездесті.
Бұл туралы аталған университет баспасөз қызметінен хабарлады.
Жылы шырайлы кездесуде Д.Нөкетаева қоғам алдындағы ұстаздар мәртебесін арттыру бағытында атқаратын жұмыстары жөнінде жеткізді.
Саналы ғұмырларын білім саласының дамуына, шәкірт тәрбиелеуге арнап келе жатқан ұстаздар әулетін жұртшылық жақсы біледі. Шаңырақтың отанасы, ұлты башқұрт Флора Баратова бар өмірін бала тәрбиелеуге арнаған жан. Ұлты ұйғыр, марқұм отағасы да 25 жылдан астам ғұмырын білімге арнап, мектеп директоры болған. Қазір ұлағатты ұстаздың ұл-қыздары мен келіндері де ата-ана жолын қуып, ағарту саласында абыройлы қызмет атқарып жүр. Бір дастархан басында отырған үш қызы Гүлстан, Шатмира, Размира Баратовалар да мұғалім. Бір айта кетерлігі, олардың барлығы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің түлектері.
Өз келіндерінің арасында татар ұлтының қызы да бар және қазақ, орыс отбасыларына немере қыздарын беріп, құдандалы болып, тату-тәтті өмір сүріп жатқаны көзге сүйеніш. Немерелерінің арасында да ұстаздық жолды таңдағандары көп. Бұл Баратовтар отбасында мұғалімдіктің атадан балаға мирас дәстүрлі мамандық екенін айғақтайды. Еңбек жолын қарапайым ұстаздықтан бастаған Флора Гарайқызы түрлі басшылық қызметтерді атқарып, өмірдің небір сынынан мүдірмей өткен. 84 жастағы кейуана кездесуде Ұлы Отан соғысы сұрапылында туған жерлерінен көшіріліп келген сан мың ұлысқа ортақ шаңырақ болған қазақ еліне, қазақ жұртына үлкен алғысын білдірді.
«Қиын-қыстау кезінде бізге бауырмалдық көрсеткен, жан жылуына бөлеген қазақ бауырларыма, риясыз көмегін берген қайырымды қазақ достарыма, өкінішке орай олардың көбісі бұл өмірде жоқ, құшақ жая қарсы алып, бар көмегін аямаған Қазақ еліне мың алғысымды айтқым келеді. Біз қазақтың кеңпейілдігі, бауырмалдылығының арқасында осы жерде жайлы орта, пана таптық, үйлі болдық, өсіп-өндік. Міне, 7 баламнан 20 немере, 18 шөбере көріп отырмын. Елімізге береке, бірлік, бейбіт өмір тілеймін. Біздің көрген бейнетімізді жас ұрпақ көрмесін. Тұрақтылық, татулық болған мемлекетте ғана осындай жақсылық болады», - дейді Ф. Гарайқызы.
Кездесу соңында кітапты өмірім деп танитын, түрлі өлеңдерді жатқа айтуды ұнататын кейуана қазақ халқына алғысы ретінде «Қазақстан - тәуелсіз ғажап мекен» атты татар және қазақ тілдерінде өзі шығарған арнау өлеңін оқып, жиналғандарға ақ батасын берді.