Көпбалалы аналар мен қандастардың мүддесін қорғайтын уәкіл институты құрылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанынан әлеуметтік тұрғыда осал саналатын топтың құқықтарын қорғаумен айналысатын уәкіл институты құрылмақшы. «Ашық НҚА» порталында Мемлекет басшысының жарлық жобасы жарияланды, деп хабаралайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көпбалалы аналар мен қандастардың мүддесін қорғайтын уәкіл институты құрылмақ

«Жобаны қабылдаудың мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік және қоғамдық институттармен бірлесіп қалпына келтіру мақсатында өз қызметін ерікті негізде жүзеге асыратын Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институты енгізу», - деп жазылған түсіндірмеде.

Жобада уәкілге қандай функция берілетіні айтылған.

«Уәкілдің негізгі мақсаттары осы Жарлыққа қосымшада көрсетілген халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттарымен өзара іс-қимылда олардың құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру болып табылады деп белгіленсін», - делінген құжатта.

Сонымен аталған Уәкіл мына 10 санаттағы азаматтардың құқықтары мен заңдық мүдделерін қоғайтын болады:

1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

2) жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

3) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

4) мүгедектігі бар адамдар;

5) мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

6) атаулы әлеуметтік көмек алушылар;

7) асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алушылар;

8) жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

9) қандастар;

10) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар.