Көпбалалы отбасы тиімді мемлекеттік әлеуметтік саясаттың көрсеткіші болып табылады - А.Есімов
АЛМАТЫ. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Отбасы күніне орай қабылдау өткізді. Шараға көпбалалы отбасылар, кәсіптік әулеттер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қала әкімі, Отбасы күнінің отбасы институтын, адамгершілікті, рухани құндылықтарды нығайтуға, ерлі-зайыптылық жауапкершілігінің маңыздылығын көтеруге ықпал етуге бағытталғандығын атап өтті. Мемлекет басшысының Жарлығымен бұл күн қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтіледіү Биыл тұңғыш рет өтіп отыр.
«Көпбалалы отбасы тиімді мемлекеттік әлеуметтік саясаттың көрсеткіші болып табылады. Алматы қаласында 4 және одан да көп бала өсіріп отырған 5 мыңнан аса көпбалалы отбасы бар, «Алтын алқа» төс белгісімен - 1463 ана, «Күміс алқа» белгісімен -1786 ана марапатталған. Қалада бала туу саны өсіп, халықтың табиғи жолмен өсуі байқалады. Балалардың шетінеу фактілері жылдан жылға қысқарып келеді. Үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында 13 231 нәресте дүниеге келді», - деді Ахметжан Есімов.
Оның сөзі бойынша, алматылықтар «ең басты құндылық ретінде отбасын қалайды (сұралғандардың 41%), екінші орында - денсаулық (37%)» пен кәсіптік білім (24%)».
Әкім сондай-ақ, кейінгі 5 жылда 37 білім беру нысаны салынып, осы салаға 20,8 млрд. теңге қаражат жұмсалғандығын атап өтті.
Сөз соңында шаһар басшысы жиналғандарды Отбасы күнімен құттықтап, зор табыс, бейбітшілік, бақыт пен мықты денсаулық тіледі.
Қабылдау мерекелік концертке ұласып, сыйлықтар табыс етілді.