Көпбалалы отбасыға жасалатын жеңілдіктер қуантады - бес баланың әкесі
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көпбалалы отбасылардың әлеуметтік тұрмысына байыппен қарап, қаншама жеңілдіктер ұсынып отырған партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғысымыз шексіз. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, бес баланың әкесі, Щучинск балалар өнер мектебінің директоры Нұрхан Меркин Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде айтылған Президенттің әлеуметтік бастамалары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көпбалалы әкенің айтуынша, Елбасының көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайына баса назар аудару көңілінен шыққан.
«Мен бес баланы тәрбиелеп өсіріп отырмын. Үлкені жоғары оқу орнын бітіріп, мектепте мұғалім қызметін атқарып жүр. Екінші қызымыз студент, қазір Англияда тағлымдамадан өтуде. Мектеп қабырғасында тағы бір қызымыз, екі ұлымыз оқиды. Бүгінгі «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына арналған съезде қабылданатын шешімдерді тағатсыздана күттік. Қашанда халқының қамын ойлап жүретін Президент әрбір балаға төленетін жәрдемақының мөлшерін 21 мың теңгеге дейін көтерді. Республикалық бюджет қаржысынан жыл сайын қосымша 500 млрд қаржы бөлінетіндігін жеткізді. Өңірлер бойынша жергілікті атқару органдарына, мектепте оқитын көпбалалы отбасыларының балаларына, тегін ыстық тамақпен қамту және қоғамдық көліктерде тегін жүру мәселелерін шешуді тапсырды. Жанұяда мүгедек және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп өсіріп отырған ата-аналарға төленетін жәрдем ақының мөлшерін 30 пайызға көтеруді міндеттеді. Республикалық бюджеттің 2019-2021 жылдарға арналған үш жылдық бюджетіне әлеуметтік төлемдерді қолдау барысында, қосымша 300 миллиард теңге бөлінетіндігін айтып түсіндірді. Жалпы әлеуметтік салаға бюджет есебінен 45 пайыз қаржы жұмсалады деп атап көрсетті. Көпбалалы отбасыларының жағдайын жақсарту, баспанамен қамту мәселелерінің айтылуы біздерді қуантты», - дейді Нұрхан Меркин.
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мың жалдамалы пәтер салынып, 2-3 пайыз мөлшерімен несиеге үй беру мәселесін алдыңғы орынға қойып, үкіметке нақтылы тапсырмалар жүктеді. Бюджет саласында еңбек ететін айлықтары төмен қызметкерлердің жалақысы 1 шілдеден бастап 30 пайызға артатын болды. Елбасы үш мәселеге баса назар аударды, бірінші халықтың аз қамтылған бөлігінің кірістерін арттыру және қолдау. Екіншісі осы категориядағы халықтың тұрғын үй мәселесін шешу, білім, денсаулық сақтау саласын жақсарту. Үшінші аймақтарды кешенді түрде дамыту.
«Бала-адамның бауыр еті» деп дана Абай атамыз атап өткендей біз сияқты көпбалалы отбасыларының әлеуметтік тұрмысына байыппен қарап, қаншама жеңілдіктер ұсынып отырған партия төрағасы Н.Назарбаевқа айтар алғысымыз шексіз!», - Нұрхан Меркин.