Көппартиялы Парламенттің күш-жігері, білімі, тәжірибесі маңызды мақсаттарды орындауға бағытталды
Биылғы жылдың 28 маусымындағы мәлімет бойынша, Сенат қабылдаған 71 заңға ел Президенті қол қойды. Сөйтіп, жаңа 71 заң күшіне еніп, Қазақстан Республикасының құқықтық базасын толықтырды.
Заң жобалары барлық құқық саласын қамтыды.
Атап айтқанда, конституциялық құрылыс және мемлекеттік басқару негіздері туралы заңнама саласында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы», еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтер мәселелері, ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырған заңдар қабылданды.
Сондай-ақ «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы», «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» және осы заңдарға ілеспе заңдар қабылданып, күшіне енді. Сол секілді жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері заң жолымен жетілдірілді.
Ал Қаржы заңнамасы саласында «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2013-2015 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы», «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» маңызды қаржы құжаттары қабылданды. Сонымен бірге Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, «Микроқаржы ұйымдары туралы» заң қабылданды. «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға да түзетулер енгізілді.
Салық және кеден заңнамалары бойынша кейбір заңнамалық актілердегі салық салу мәселелері және Кеден одағында тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мәселелері заң жолымен реттелді.
2012 жылғы 3 қыркүйекте V сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші сессиясын ашқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Таяудағы жылдарға арналған заң шығарушылықтың шешуші бағыты - әлеуметтік жаңғырту. Өзімнің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаламда мен, кем дегенде, толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі қажет қолданыстағы 10 заңнамалық актіні атадым. Сондай-ақ, алдымызда әлеуметтік жұмыс орындары, кәсіби біліктілік жүйесі мен тағы басқалар туралы жаңа заңдар қабылдау міндеті тұр» деген болатын. Осы орайда, әлеуметтік қамсыздандыру саласын реттейтін заңдар да жетілдірілді.
Парламент депутаттары өткен сессия ішінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» және соған ілеспе заң актісін қабылдады.
Сондай-ақ, «Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы», кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар қолданысқа енгізілді.
Шаруашылық қызметті мемлекеттік реттеу туралы заңнама шеңберінде қабылданған заңдар арасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Арнаулы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң актілері бар.
Қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті сақтау саласында еліміздің қолданыстағы заңдарына терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері мәселелері бойынша, құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша, экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту мәселелері бойынша толықтырулар енгізілді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» заң жаңа қабылданды.
Екінші сессия барысында халықаралық құқық және халықаралық қатынастарды дамыту барысында көптеген заң актілері қабылданды. Ішкі саяси және сыртқы экономикалық сипаттағы мәселелердің кең ауқымын қамтитын 30-дан астам халықаралық келісімдер, конвенциялар мен шарттар ратификацияланды.
Соның ішінде балаларды халықаралық ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы конвенция; отбасылық міндеттермен еңбек ететін еңбекші ерлер мен әйелдерге арналған тең қарау және тең мүмкіндіктер туралы конвенция; Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенция; 1923 жылғы 12 қыркүйекте Женевада жасалған, 1947 жылғы 12 қарашада Нью-Йорк, Лейк Саксессте қол қойылған Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулерімен Порнографиялық басылымдар айналысының және оларды саудалаудың жолын кесу туралы халықаралық конвенция заңмен бекітілді.
Сондай-ақ, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісімге алушы елдерде және әлеуетті алушы елдерде арнайы қорлардың қаражатын пайдалануды санкциялайтын және Еуропа Қайта құру және Даму Банкін құру туралы келісімге оның Оңтүстік және Шығыс Жерорта теңізі елдеріндегі қызметін санкциялайтын түзетулер ратификацияланды.
Жаңартылатын энергетика саласында технологияларды жетілдіріп, инновацияларды енгізу мүмкіндігі, сондай-ақ, «Жаңартылатын қуат жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының қол қойылған Заңы жаңартылатын қуат көздердің елімізде кеңінен пайдалануын және оның таратылуын ынталандырады.
Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Кеден одағы шеңберінде Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы; Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шарттар; 2008 жылғы 25 қаңтардағы Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама; Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағына мүше мемлекеттердiң кеден қызметтерi өкiлдiктерiнiң қызметi мәселелерi бойынша кеден iстерiндегi ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім ратификацияланды.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында тауарлардың еркін қозғалысы үшін жағдай қалыптастыруға және ДСҰ қағидаттарының негізінде мемлекетаралық қатынастардың құқықтық базасын жетілдіруге Еркін сауда аймағы туралы шарт бағытталды.
ЕурАзЭҚ мүше мемлекеттердің заңнамасын жетілдіру мақсатында Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің ортақ сақтандыру нарығын құру туралы хаттама ратификацияланды.
Екінші сессияның салтанатты жабылуында баяндама жасаған ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин өз сөзінде біздің еліміз жаңа белеске көтерілетін тағы бір жаңа тарихи қадам жасап отырғанын мәлімдеді. Ол - «Қазақстан - 2050» даму Стратегиясы.
«Бұл Стратегия біздің мемлекетімізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосатын мақсаты биік, бағыты айқын, маңызы зор құжат. Сондықтан біздің Парламенттің екінші сессиясының өткен 10 айдың ішінде атқарған жұмыстары, ең алдымен, осы Стратегиялық құжатта айтылған тапсырмаларды заң жағынан қолдауға арналды. Сонымен бірге Президентіміздің депутаттардың алдына қойған міндеттерін және индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын, басқа да жаңа жобаларды заңмен бекіту - біздің негізгі міндетіміз. Көппартиялы Парламенттің күш-жігері, білімі, тәжірибесі осы маңызды мақсаттарды орындауға бағытталды»,- деді Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин.