Көппәтерлі үйлердің қасбеттері, шатырлары жергілікті бюджет есебінен жөнделетін болады

Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында біріншіден, жергілікті атқарушы органдарға қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін жасау үшін қасбеттерді, шатырларды жергілікті бюджет қаражаты есебінен жөндеу қарастырылады.
«Екіншіден, су басу қаупі бар аймақтардағы тұрғын үйлердің беріктігін нығайту көзделген. Себебі заңнамалық деңгейде өкілеттіктердің болмауына байланысты аталған жұмыс түрлері тек төтенше жағдайлар кезінде жүргізіліп келеді. Үшіншіден, лифтілерді жөндеу және ауыстыруға қатысты шығындарды жергілікті бюджет қаражаты есебінен қайтарымды негізде мүліктің меншік иелері бірлестігі қатысушыларының әрі қарай өтеуі ұсынылады. Төртіншіден кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына жер учаскесін қоса тіркеу қарастырылады. Бесіншіден, газ, газбен жабдықтау саласындағы бақылауды және әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалануды қадағалау жүзеге асырылады», - деді министр.
Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбектің айтуынша, заң жобасында тұрғын үй және тұрғын үй құрылыс кооперативтерінің қызметін жетілдіру қарастырылған. Құқық қолдану практикасы көрсеткендей, құрылыс компаниялары «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының нормаларын сақтамай, «үлестік» тұрғын үй-құрылыс кооперативтерін құру арқылы азаматтардың қаржысын тартып келеді.
«Осыған байланысты, заң жобасында мыналар ұсынылады: қаржылық пирамидалардың құрылуын болдырмау мақсатында азаматтардың бірігу нысаны ретінде тұрғын үй кооперативтерін тарату, бір ғана көппәтерлі тұрғынүйді салу үшін құрылатын тұрғын үй құрылыс кооперативтерін қалдыру; тұрғын үй құрылыс кооперативтері мүшелерінің саны салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтер санынан аспауы тиіс; тұрғын үй құрылыс кооперативтері көппәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуге тек мемлекеттік тіркеуден кейін және мемлекет жалға немесе меншік құқығына берген құрылыс салуға арналған жер учаскесі болғанда ғана құқылы», - деді ол.