Көпшілік Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің қызметіне қанағаттанбай отыр - Есеп комитеті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Орталық мемлекеттік органдардың және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жүргізген сауалнама Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің қызметі жабық сипатқа ие екенін көрсетіп отыр. Бұл туралы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Көпшілік Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің қызметіне қанағаттанбай отыр - Есеп комитеті

«Сауалнамаға қатысқандардың 58 пайыздан астамы министрліктің қызметіне қанағаттанбаған. Министрліктің жұмыс нәтижелері байқалмайды не оның стратегиялық жоспарларының іске асырылу барысы жөнінде ақпараттар жоқ», - делінген баспасөз баянында.

Сонымен қоса, Есеп комитеті 2007-2014 жылдары мемлекеттік жоспарлау ақпараттық жүйесін дамытуға 1,6 млрд. теңге жұмсалғанын, алайда аталған жүйе пайдалануға енгізілмегенін алға тартады.

«Министрлікте басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ықпалдасу және деректер алмасуы қамтамасыз етілмеген. Ғылыми қызметтің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тәртібі сақталмаған. Ал бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстары белгіленген тәртіппен аккредиттелмеген ведомстволық бағынысты ұйымдар жүзеге асырған. Зерттеуді жүргізуге арналған өтінімдерді іріктеу процесінің ашық еместігі, зерттеу нәтижелерін іс жүзінде қолдану деңгейінің төмендігі байқалады. Сонымен қатар, сараптама барысында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның екі зерттеу жұмысында плагиат фактілері анықталды», - делінген хабарламада.