Көпшілік назарына алаштықтардың бұрын-соңды жарияланбаған фотосуреттер жинағы ұсынылды

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Алашорда» атты фотоальбомның тұсаукесер рәсімі өтті.
None
None

Аталмыш жинақ Алашорда қозғалысының 95 жылдық мерейтойына арналып отыр. Жинақ Алаш қозғалысының қалыптасу, саяси сахнаға шығу, Алаш автономиясын құру, Кеңестік дәуірдегі қуғын-сүргін кезеңдерінің суреттерін қамтиды. Онда енген 350-ден астам фотосуреттер тақырыптық-хронологиялық жүйе негізінде мазмұны мен түсу кезеңдеріне қарай қарай 6 бөлімге топтастырылған. Жинақтың «Атқан таң» атты алғашқы бөлімінде Алаш қайраткерлерінің гимназия мен университеттегі жылдарының естелік-фотолары енген. «Оян, қазақ!» - ұлт-азаттық қозғалысының қалыптасу кезеңінің суреттерін қамтиды. «Алаш автономиясы» бөлімі Алашорда үкіметінің 15 мүшесінің фотосуреттерімен басталып, 1917-20 жылдардағы суреттер шежіресін жасауға негізделген. «Советтік тағдырлар» және «Абақты жолы» атты тараулар Алаш ардақтыларының Кеңестік дәуірдегі қызметі мен қуғын-сүргін дәуірі суреттерінен құралса, «Тағзым» атты бөлімге тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның әр түкпірінде Алаш қайраткерлеріне орнатылған ескерткіштер топтастырылған.

Альбомға енген суреттер Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары мен ғалымдардың қолындағы жеке қорлардан, әдебиеттер мен мұрағаттардан алынған.

Алайда, жинақ авторы Болат Мүрсәлімнің айтуынша, көптеген материалдарға қол жеткен жоқ. Себебі Ресей мұрағаттарындағы құжаттарды алу мүмкін емес болған.

«Әлі де болса, көптеген мұрағаттарда, әсіресе Ресей мұрағаттарында мұндай суреттердің көп екендігінде дау жоқ. Бұл алдағы болашақтың ісі. Дегенмен Алаш қайраткерлерінің Ресей мемлекеттік Думасына депутат болған кездеріндегі бірнеше суреттері осы альбомда тұңғыш рет жарияланып отыр. Көпшілікке ұсынылмаған осындай фотолар баршылық», - дейді Б. Мүрсәлім.

Соңғы жаңалықтар