Көптеген адамның өмірін сақтап қалуға болады – министр елордадағы жаңа госпиталь жөнінде
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавируске шалдыққан науқастарды емдеу үшін Нұр-Сұлтан қаласында салынған жаңа ауруханаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл, шынымен де, қажетті және бірегей аурухана. Коронавирус пандемиясы кезінде мұнда көптеген адамның өмірін сақтап қалуға болатынына сенімдімін. Тіпті одан кейін де (пандемия – ред.) елорда медицинасына қызмет ете бермек.
Әлем бойынша көптеген тамаша ауруханаларда болдым. Бірақ өзіміздің қазақстандық құрылысшыларымыз ауруханаларды: жылдам, сапалы әрі халықаралық технологиялар бойынша салатынын алғаш рет өз көзіммен көрдім және сендім. Медицина қызметкерлерін құттықтаймын және бұл теңдессіз жобаға атсалысқан баршаңызға алғыс білдіремін!», - деп жазды министр Facebook-те.
Еске салайық, Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында кронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдейтін жаңа госпитальдар салу шешілді.
Нұр-Сұлтан қаласында заманауи жұқпалы аурулар ауруханасы 13 күнде тұрғызылды. Ол 200 орынға арналған. Ғимарат ModeX зауытында неміс технологиясымен әзірленген блоктардан құрастырылды. Аурухана палаталарында арнайы госпитальдік желдеткіштер бар. Бұл, қызметкерлердің инфекция жұқтыру қаупін азайтады. Одан бөлек, ауаны сүзгіден өткізетін жүйе орнатылған. Есік пен терезеден ауа өтпейді. Әр палатада жеке дәретхана қарастырылған. Жоба директоры Арман Лесбековтің айтуынша, құрылыста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының барлық талабы ескерілген.
Айта кетейік, 21 сәуір сағат 22.35-тегі соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар саны 1995 адамға жетті. Індеттен 489 адам жазылды, қайтыс болды – 19 адам.
