Көптеген процестік әрекеттер әлі күнге дейін қолмен жасалады - Балайым Кесебаева

«Бүгін біз атқарушылық іс жүргізуде тараптардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету саласындағы өзекті мәселелермен, сондай-ақ оларды шешу жолдарымен танысып өттік. Осы бағытта, елде атқарушылық іс жүргізу жүйесін тиімді реформалау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың өте маңызды екенін ерекше атап өткім келеді. Алайда, бұл жұмыстарды сот төрелігіне жүгінген адамдардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына алып келетін барлық проблемалар шешілгенге дейін жалғастыру қажет», - деді ол Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Оның атап өтуінше, атқарушылық іс жүргізудің ақпараттық жүйесін цифрландыру және дамыту мәселелерінде елеулі ілгерілеу бар. Мысалы, ұзақ уақыт бойы тыйым салуларды алмау, борыштарды төлемеу, елден шығуға шектеулерді алып тастамау сияқты көптеген проблемалар шешілді. Бұл процестерді және бірінші кезекте, азаматтар үшін айтарлықтай оңайлатты.
«Сот актілерін орындау жүйесінің дамуын тежейтін басты фактор автоматтандырудың жеткіліксіздігі болып табылады. Көптеген процестік әрекеттер әлі күнге дейін қолмен жасалады, адам факторы бар. Форматтық-логикалық бақылау функционалы іске асырылмаған күйінде қалып отыр, оның міндеті сот орындаушылардың заңсыз әрекеттерін бұғаттау болуға тиіс. Мысалы, ақпараттық жүйе тыйым салуды заңсыз алып тастауға мүмкіндік бермеу керек. Сонымен қатар борышкердің мүліктік жағдайын автоматты түрде тексеру және шектеу шараларын автоматты түрде қолдануы қажет. Сот орындаушылары тарапынан бұзушылықтар туралы сигнал беретін талдамалық функционал жоқ. Мысалы, атқарушылық құжаттарды жаппай қайтару немесе іс жүргізуді қозғаудан бас тарту кезінде», - деді Балайым Кесебаева.