Көптеген пункт келісілді — Трамп Ресей-Украина келіссөзі жайлы
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social платформасында Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердегі жетістіктер туралы хабарлады, деп жазады BBC.

Трамп екі ел өкілдерімен өткен кездесулер мен келіссөздердің сәтті болғанын айтты.
— Ресей мен Украинамен келіссөздер және кездесулер үшін жақсы күн болды. Олар мәмілеге өте жақын, енді екі жақ жоғары деңгейде кездесу өткізіп, «бұл мәселені аяқтауы» керек. Негізгі тармақтардың көпшілігі келісілді. Қантөгуді ДӘЛ ҚАЗІР ТОҚТАТЫҢЫЗДАР. Біз бұл қатыгез және мағынасыз соғыстың АЯҚТАЛУЫНА көмектесу үшін қажет болған жерге барамыз, — деп жазды Дональд Трамп.
Бұған дейін ол өз жазбасында Украинаны маңызды екіжақты келісімді кешіктіріп жатқаны үшін сынға алған еді.
— Владимир Зеленский басқаратын Украина АҚШ-пен сирек кездесетін жер элементтері туралы өте маңызды келісімнің түпкілікті құжаттарына қол қойған жоқ. Бұл кем дегенде үш аптаға кешікті. Құжатқа дереу қол қойылады деп үміттенемін, — деді Трамп.
Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп өткен жексенбі күні Ресей мен Украина бітімгершілік келісімге «осы аптада» қол жеткізе алатынын айтты.