Қор басшысы МӘМС ақшасын жекеменшік медқызметтерге жұмсау туралы ұсынысқа пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Сәбит Ахметов Бәскелестікті қорғау және дамыту агенттігінің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қаражатын жеке меншік медициналық қызметтердің баға айырмашылығын төлеуге қолдану туралы ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қор басшысы МӘМС ақшасын жекеменшік медқызметтерге жұмсау туралы ұсынысқа пікір білдірді

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медицналық қызметтердің ақысын Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен МӘМС аясында бөлісіп төлеу жүйесін енгізу мәселесін Денсаулық сақтау министрлігімен бірге қарастырып жатыр. Дегенмен медициналық қызметтерді бірлесіп төлеу тәсілін енгізудің халық пен медициналық қызмет көрсетушілер үшін жағымсыз әсері болуы мүмкін екені айтылып жүр.

Яғни, мұндай тәсілді енгізу денсаулық сақтау қызметтеріне қол жеткізуге кедергілер туындатуы ықтимал. Бұл халықтың медициналық қызметке кететін шығынын арттырып, қажжетіліктің толық өтелмеуіне әкеп соғуы мүмкін. Өйткені адамдар медициналық көмек алғаны үшін қосымша шығын арқалауға мәжбүр болады», - делінген редакияның сауалына жолданған жауапта.

Қор басшысының пайымынша, медициналық қызмет ақысын ортақ төлеу тәсілі енсе, адамдар денсаулық сақтау қызметін тиімді пайдалануға ынтасын жоғалтуы да мүмкін.

«Зерттеулер ортақ төлеу тәсілі медициналық қызметтерді әлдеқайда тиімді пайдалануа ынталандырмайтын жүйе екенін көрсетіп отыр. Оның үстіне мұндай тәсіл табысы төмен, егде жастағы және созылмалы сырқаты бар адамдар сияқты белгілі бір топтағы азаматтардың денсаулығына кері әсер етуі ықтимал.

Мұндай топтар қосымша шығынды төлеуге қиналып қалуы мүмкін. Осылайша олардың өзіне қажетті медициналық көмекке қол жеткізуі қиындайды. Салдарынан қоғам кедейлер мен байларға бөлініп, жағымсыз әлеуметтік көңіл күйлер артуы ықтимал», - деп жазады қор басшысы.

Оның айтуынша, мұндай тәсіл медициналық қызметтердің сапасын түсіруі мүмкін.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жұмыс істейтін жеке клиникалар мен мемлекеттік мекемелердің қызмет сапасы бірдей болу керек. Бірақ ортақ төлем енгізу мемлекеттік және жеке меншік клиникалардың қызмет сапасында айырмашылық туғыза алады. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибе медицналық қызметтерге ортақ төлем енгізу бірқатар кері әсер мен қатер туындататынын көрсетеді. Мысалы, қаржылай қорғанысы мықты елдер ортақ төлемді шектеулі мөлшерде қолданады немесе ортақ төлемнің дербес саясатын ұстанады. Бұл адамдарды қаржылық қиындықтардан сақтайды. Бұл халықаралық тәжірибені, ортақ төлемнің мөлшері мен типін, қаржылай қорғау тетіктерінің тиімділігін мұқият зерделеу керек деген сөз.

Осы факторларды ескерсек, ортақ төлем тәсілінің қатері мен тәсілдерін тыңғылықты зерттеу маңызды. Сондай-ақ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сияқты өзге де ұйымдардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізу керек болады», - дейді Сәбит Ахметов.