Қордайдағы төбелестен соң қамауға алынған 44 адам босатылды – Мырзахметов
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Масанчи ауылындағы жанжал кезінде ұсталғандардың 44-і босатылды. Бұл туралы оқиға орнында жүрген BaigeNews.kz тілшісі хабарлады.
Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жаппай төбелес кезінде ұсталған 44 адам Ауқатты ауылындағы қамаудан босатылды. Бұл туралы 8 ақпанда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді.
«Бұл адамдардың төбелеске қатыспағаны белгілі болғаннан кейін босатылды. Түнгі үште ауыл қоршауға алынған кезде полиция оларды қамаған болатын», - деді Жамбыл облысының әкімі.
Жалпы, облыс әкімінің айтуынша, түнгі төбелеске 1000-ға жуық адам қатысқан. Бұған дейін 47 адам ұсталып полиция бөліміне жеткізілгені хабарланған.
«Сотқа дейінгі тергеу шаралары ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы «Жаппай тәртiпсiздiкке қатысу және оны ұйымдастыру», сондай-ақ ҚР ҚК 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша жүріп жатыр», - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.