Қордайдағы Үлкен Сұлутөр ауылында нөсер жаңбыр салдарынан сел жүрді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы аумағындағы қатты селден ауылға баратын негізгі жолда көлік қозғалысы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қордайдағы Үлкен Сұлутөр ауылында нөсер жаңбыр салдарынан сел жүрді

Ауыл арасындағы селдің бейнежазбалары әлеуметтік желіде тарап жатыр.

«Төтенше оқиғадан 2 шаруашылық ғимарат зақымданды. 3 үйдің ішіне су кірді. Үйлердің біріне кіретін газ құбыры бүлінді. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, мал арасында шығын бар: қойлар мен тауықтар өлген.

Өңірдегі ТЖД мәліметіне қарағанда, Қордай ауданы әкімінің орынбасары мен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы қазір зардап шеккен ауылда.

Құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.