Көрермендер қазақ жұлдыздары эфирде ешкінің емшегін емгеніне қарсы

Солардың бірінің пікірін «Айқын» газеті бүгін жарық көрген санында басып шығарды. «Басқасы басқа, енді «Фобияның» қатысушылары ешкінің емшегін емеміз деп жар салып жатыр. Біздер болсақ (көрермендер) осы жасқа келгенде балаларымыздың алдында ұятқа қалатын түріміз бар. Бұл дегеніңіз шоу! Ақша, атақ, жаңа таныстар... Жоқ дегенде, халық көшеде көрген бойда «мынау әлгі ешкінің емшегін сорған әнші» деп жазбай танитын болады. Илхам Ибрагим деген баланың қайта «Ілмегі» (жаңалықтар) әжептәуір көруге келетін-ді. Телміріп отырып қарайтынбыз. Енді ол да жоқ... «Фобияда» басқа да ерекше ойларды іске асырып, керемет дүниелер жасауға болмас па?», - деп жазылған онда.
Басылымның осы санында бағдарламаның жүргізушісі Илхам Ибрагиммен болған сұхбат та (авторы - Әйгерім Бақытқызы) берілді. Онда жүргізуші «Ешкіні еміп, ер-азаматтардың орынды, орынсыз дауыстап айқайлауы эфирдің этикасына қаншалықты сай?» деген сұраққа келесідей жауап қайырады: «Иә, шын мәнінде, "Фобия" реалити шоуы интернетті бұрқыратып жіберді. Бұл аз ғана уақыттың ішінде жобаның танылып үлгергенін көрсетсе керек. Олай дейтінім, «Фобияның» эфирге шыққанына әлі бір ай да болған жоқ. Бірақ айтылып жатқан пікірлер өте көп. Әрине, пікір болған соң, ол тек мақтау немесе тек даттау болмайды. Бірақ сіздің сыни пікірлерге көзқарасымды білгіңіз келіп тұрғаны анық. Олай болса айтайын. Қол қусырып отырмай, еңбектенген адам ғана сынға ұшырайды. Егер бізге сын айтылып жатса, онда еңбегіміздің көзге көрінгені. Қандай пікір айтылса да, бұл телевизия саласы өкілдері үшін саф алтыннан да қымбат. Қатысушылардың орынды, орынсыз айқайлауы деп қалдыңыз жаңа. «Орынсыз» деген сөзбен мен келіспес едім. Өйткені шоудың қатысушылары қандай сыннан өтетіні туралы білмейді. Шығармашылық топ бәрін де жасырын ұстайды. Түрі-тұрпайы жәндіктерді алғаш көрген кезде сіз қандай күйде болар едіңіз? Шошып, қорқатыныңыз белгілі ғой. Жасыратын түгі жоқ, мен де әу баста «кей қатысушыларымыз асыра сілтеп жатқан болар» деп ойладым. Өйткені «олар ұстаған жыланды мен де ұстаймын, онда тұрған түк жоқ» деген ой келді. Бірақ мен де қатысушылардың рөлінде болып, түсірілімге түсер кезде, басқа біреу жыланды әкеліп мойныма іліп қойғанда денем түршігіп, не істерімді білмей қалдым. Қорыққан сәтте шынайы эмоция шығады. Өйткені жалмауызға да жан керек. Қанша жерден шақпайды, тістемейді дегенмен, ішкі түйсігің оған сенбейді екен».
Сұхбат барысында И.Ибрагим экранға таяуда ғана шыққан шоу бұған дейін отандық телеарналарда көрсетілген шоулар жетпеген рейтингге жетті дегенді айтты.
"Батысқа еліктеген түгіміз жоқ. Барынша қазақы менталитетке сай етіп, шариғат талаптарын бұзбауға тырысып-бағудамыз. Бір нәрсені айтайын, әр тапсырманы ойластыру барысында біздің продюсеріміз бірінші кезекте имамдар кеңесіне жүгінеді. Дін өкілдері «болады» десе, біз оны жүзеге асырамыз. Егер «бұл харам тірлік» десе, бірден тоқтатылады. Яғни «ойбай-ау, жат дүниені енгізіп сананы улап жатыр, еліктеп жатыр, үйтіп жатыр, бүйтіп жатыр» деп байбалам салуға негіз жоқ. Сыни пікір айтатын көрермендер "Фобияны" көрмесе, жобада не болып жатқанын қайдан біледі?! Яғни көрермен бағдарламаны көреді, көрген соң жоба оны аз да болса қызықтырады, назарын аудартады деген сөз. Бұл - біздің жеңіс!", - деп қосты ол.