Корей бұғазында жолаушы паромы отқа оранды
АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Корей бұғазында отқа оранған «Сольбон» паромынан 128 жолаушы мен экипаж мүшелері қауіпсіз жерге көшірілді.
Пусан кемежайынан Чечжудо арал-курортына дейінгі круиздік бағытта кетіп бара жатқан кемеде түнгі сағат 01:20 шамасында Йосу кемежайына жақын жердегі Корей бұғазына жеткенде өрт шықты, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Алдымен экипаж мүшесі кеменің жүк бөлігінен түтіннің иісін сезіп, дабыл қаққан, соңыра капитанның өзі төтенше жағдай жайында белгі берді. Теңіз полициясы шұғыл түрде паромға ондаған патрульдік қайық пен кеме жөнелтіп, олар борттағы барлық адамдарды аман-есен Йосу кемежайына жеткізді.
Медициналық көмекке құтқару кезінде түрлі жарақат алған жеті адам жүгінді. Теңіз полициясы қазір паромда өрттің пайда болу себептерін анықтап жатыр.