Корея елшісі астаналықтарға өлең оқып берді
«Мен Қазақстанның астанасында осындай керемет «Достық бақшасының» ашылғанына қуанып тұрмын. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі сәтті аяқталған тұста екі елдің ынтымағының бекіп келе жатқаны одан ары қуанта түседі. Кореяның осынау керемет бақшасы қазақ халқына деген құрмет пен достық негізінде салынып отыр. Биылғы жылы 25 жыл толып отырған екі жақты қарым-қатынас аз уақытқа қарамастан күшейе түсті. Кореялықтар үшін Қазақстан ірі серіктестердің бірі. Бұл елде де Кореяға деген құрметтің зор екенін білеміз», - дейді Корея елшісі.
Ким Де Сиктің айтуынша, 3 жыл бұрын екі елдің басшылары келісімге келіп, аталған жоба 2 жылдың ішінде жүзеге асырған.
«ЭКСПО көрмесінің арқасында екі елдің байланысы нығая түсті. Корея павильоны ең танымал орындардың бірі болды. Біз 250-ге жуық мәдени шара өткіздік. Серіктестіктің әлеуеті шексіз. Біз Астана халқына осы бақшаны тарту етеміз. Екі елдің достығының символы болғандықтан, бақшаға баппен қарауларыңызды өтінемін. Өзім поэзияға жақын болғандықтан, сөзімді өлеңмен аяқтауға рұқсат етіңіздер», - деді Ким Де Сик.
Корея елшісінің өз тіліндегі өлеңі көпшіліктің қошеметіне ие болды. Өлең сөзбе-сөз аударылмаса да, аудармашының сөзіне құлақ ассақ елші астаналықтарға ««Достық бақшасы» екі елдің достығын нығайтады, төрт мезгілде де осында келіп мейман болыңыз, табиғаттың көркем көрінісін бақшаға келіп тамашалаңыз» деген мәндегі өлеңді арнаған.
Еске сала кетсек, бүгін Астанадағы «Арай» саябағының ішінде «Қазақстан мен Корея достық бақшасы» ашылды. «Корея бақшасының» құрылысына шамамен 9 ай уақыт кеткен. Демалуға арналған орынды салу үшін Оңтүстік Кореядан құрылыс материалдары әкелініп, саябаққа сол елде өсетін ағаштар отырғызылған.