Корея елшісі кәріс ұлтының дәстүрлі үйлену тойына қазақ шапанымен келді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада оңтүстіккореялық әртістер корейлердің дәстүрлі үйлену тойын көрсетті, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.
Оған себеп Астанадағы Оңтүстік Корея елшілігі қызметкерінің тұрмыс құруы. Оның дәстүрлі үйлену рәсімі туралы ұсынысын күйеуі қуана қолдаған.
Мұндай әсерлі рәсімді ұйымдастыруға Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында орналасқан "Досан" дәстүрлі корей этикеті орталығы көмектескен.
Корей халқында неке - жаңа өмірдің бастауы болып саналады және оған асқан жауапкершілікпен қарайды.
Ұзақ әрі мәнді ғұмыр сүрсін деген ниетпен той дастарханына тауық пен әтеш қояды. Талшын мен құрма - мұрагердің ақылды я тәрбиелі болып өсуіне үмітті білдіреді. Сондай-ақ, үстелде ұзақ жұбайлық ғұмырды білдіретін көпжылдық өсімдік тұруы тиіс. Тазалық пен адалдықтың белгісі ретінде бамбук қойылады. Күріш - амандық пен ырыс-несібені білдіреді. Бата ретінде балауыз шам жағылады.
Барлық қонақтар тойға корейдің ұлттық киімі - ханбокты киіп келді. Тек Қазақстандағы Оңтүстік Корея елшісі Ким Дэ Сик пен оның әйелі қазақтың ұлттық киімімен келді.
"Маған қазақ мәдениеті ұнайды. Қазақ пен корей мәдениеті қатты ұқсайды. Менің бүгінгі киімім - қазақ мәдениетіне деген алғыс пен құрметімді білдіреді", - деді елші журналистерге берген сұхбатында.
"Жақында Мәжіліс депутаты Роман Ким маған қамшы сыйлады. Үнемі көш алдында жүруімді, Қазақ-Корей достығын нығайта беруімді тіледі. Қамшы көшбасшылық қасиетті білдіреді екен. Мен үшін бұл сыйлық өте құнды. Одан бөлек, үйімде Айша бибі кесенесінің үлгісі бар. Келген қонақтарымның барлығына қазақтың Ромео мен Джульеттасы туралы әсерлі де қайғылы оқиғасын айтып беремін", - деді елші.