Кореяда 20 млн. адамның несиелік карточкасындағы мәліметтер ұрланды
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяда ел халқының жартысына жуығының несиелік карточкасының есебі туралы мәлімет ұрланды, деп хабарлайды ВВС.
Деректерді несиелік мәлімет туралы есеп жүргізетін Korea Credit Bureau команиясының қызметкерлері ұрлаған. Олар елдің 20 млн. азаматының аты-жөні мен несиелік карточкаларын және әлеуметтік сақтандыру нөмірлерін көшіріп алып, маркетингтік компанияларға сатқан.
Бүгінде аталған қылмысты жасаған қызметкерлер қолға түсті. Сондай-ақ ұрланған мәліметтерді сатып алған маркетингтік компаниялардың бірқатар басқарушылары да қамауға алынды, делінген хабарламада.
Тергеу кезінде белгілі болғандай, Korea Credit Bureau компаниясының қызметкері Оңтүстік Кореядағы үш ірі несиелік компанияның мәліметтер базасына кіріп, ондағы ақпаратты флеш-картаға көшіріп алған.
Бүгінде ресми органдар аталған үш компанияның қауіпсіздік режіміне байланысты тергеу жүргізуде. Ал мәліметтердің ұрлануына жол берген KB Kookmin Card, Lotte Card және NH Nonghyup Card компанияларының басшылары өз кінәларын мойындап, тұтынушыларынан кешірім сұрады.
Оңтүстік Кореяның қаржылық бақылау жөніндегі мемлекеттік мекемесі осы оқиғадан зардап шеккен тұтынушылардың шығынын кредиттік компаниялардың жабатынын айтты.
Жалпы, Кореяда осыған ұқсас қылмыстар бұған дейін де орын алып келді. Мәселен, 2012 жылы KT Mobile ұялы байланыс компаниясының 8,7 млн. тұтынушысы туралы мәліметті ұрлаған екі хакер сотталды. Одан бір жыл бұрын хакерлер елдегі 35 млн. адам қолданатын Cyworld әлеуметтік желісінің орталық серверін бұзған болатын.