Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтарға қатысты бақылау күшеймек
АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек министрлігі Қазақстан азаматтарының Корея Республикасына көші-қонына бақылауды күшейтіп жатыр. Бұл туралы Көші-қон комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктерінің өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесудің негізгі тақырыбы заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мәселелері мен қазақстандық азаматтардың Корея Республикасының аумағында заңды болуын қамтамасыз ету болды.

— Кездесу қорытындысы бойынша Корея Республикасына заңсыз көші-қонның алдын алу, сондай-ақ жақын арада Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы елшілігінде Қазақстан азаматтарының болуын, оның ішінде заңсыз көші-қон және заңсыз еңбек қызметін анықтау фактілерін қадағалайтын полиция атташесі тағайындалатындығы туралы мәселелер талқыланды, — делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселені тұрақты бақылауға алды. Анықталған барлық заң бұзу дер кезінде тіркеліп, әрі қарай қарастыру үшін Қазақстан Республикасының және Корея Республикасының уәкілетті органдарына жолданатын болады.
Айта кетелік қазақстандықтар қашан Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істей алатыны туралы жазған едік.