Кореяда жүк көліктері соқтығысып, екі адам қаза тапты, алтауы жарақаттанды
СЕУЛ. YONHAP-ҚазАқпарат – Бүгін, 20 мамырда Сеулде болған жол апатынан және соның салдарынан ғимараттың құлауынан екі адам қаза тауып, тағы алты адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат YONHAP агенттігіне сілтеме жасап.
Полиция және өрт сөндіру бөлімінің хабарлауынша, Сеулдің оңтүстік-батысындағы жолда таңертең сағат 11:00 шамасында екі жүк көлігінің сақтығысуы орын алған. Салдарынан олардың бірі көршілес бес қабатты ғимаратқа соғылған.
Бес тонналық жүк көлігі қиратқан құбырдан газ шығып, ғимаратта жарылыс болып, соңы өртке ұласқан.
Жарылыс салдарынан көршілес бір қабатты ғимарат құлаған. Қираған ғимарат үйінділерінің арасынан екі әйелдің мәйіті табылған.
Жүк көлігі жүргізушілерін қоса алғанда алты адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Полиция мен өрт сөндіру бөлімі апаттың себебін анықтауда.