Кореядағы «EXPO-2012» көрмесі аясында Астанаға виртуалды саяхат ашылды

АСТАНА. 11 мамыр. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Кореяның Ёсу (Yeosu) қаласында басталатын «EXPO-2012» Дүниежүзілік әмбебап көрмесі аясында бүгін Қазақстанның көрме павильоны ашылды.
None
None

ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі жанындағы Сауда комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазақстандық делегацияның құрамында ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Қайрат Келімбетов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, «EXPO - 2017» жобасының ұлттық үйлестірушісі Рапиль Жолшыбаев, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі жанындағы Сауда комитетінің төрағасы, «EXPO-2012» көрмесі бойынша ҚР Бас комиссары Айдар Қазыбаев бар.  

Қазақстанның көрме павильонын ашқан Қ.Келімбетов биылғы дайындыққа жоғары баға беріп, Қазақстанның «EXPO-2017» көрмесін өз жерінде өткізуге толық мүмкіндігі бар екендігін ерекше атап өтті. «Биылғы көрмеде Қазақстанның павильоны біздің барлық мүмкіндіктерімізді паш етіп, қол жеткізген жетістіктерді барынша көрсетіп отыр. Ол ТМД және шетелдің басқа да павильондары ішінен ерекше көзге түсіп отыр. Бұл жоғары дайындықты көрсетеді. Меніңше, 2017 жылы Қазақстанның «EXPO» көрмесін өз жерінде өткізуге толық мүмкіндігі бар», - деп атап көрсетті Қ.Келімбетов. Осыдан кейін ол «EXPO-2017» конкурсындағы біздің басты бәсекелесіміз - Бельгияның көрме павильонын аралап көрді. Бұл жолы ұйымдастырушылар Қазақстан мен Бельгияның павильондарын бір-біріне қарсы етіп орналастырды. Негізгі мақсат - екі үміткерді де салыстырып көру.

«EXPO-2012» көрмесі аясында ашылған Қазақстанның павильоны осы жолы біршама кеңейді. Биыл қазақстандық экспозиция 774 шаршы метр жерге жайғасты. Біздің көрме мәдениет, ғылым, бизнес пен туризм саласындағы дәстүр мен инновацияға арналып отыр. ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі жанындағы Сауда комитетінің төрағасы, «EXPO-2012» көрмесі бойынша ҚР Бас комиссары Айдар Қазыбаевтың айтуынша, қазақстандық павильон алты бөлімнен тұрады. «Келген қонақтар павильонға шығарылған көріністерді тамашалап қана қоймай, интерактивті шоу-бағдарламаларына қатысып, Астанаға виртуалды саяхат жасай алады», - дейді А.Қазыбаев.

«EXPO-2012» көрмесінің биылғы тақырыбы -  «Тірі мұхит және жағалау аймағы: ресурстардың әралуандығы және оларды тиімді пайдалану». Себебі бүгінде жаһандық жылыну, әлем мұхиттары деңгейінің көтерілуі және олардың ластануы әлем жұртшылығын қатты алаңдатады. «EXPO-2012» ұйымдастырушы - корей халқы осы жаһандық проблемаларды кеңінен талқылап,  оған барша адамзат баласының назарын аударуды көздейді.

Ұйымдастыру комитетінің хабарлауынша, «EXPO-2012» халықаралық көрмесіне шамамен 18 млн. адам келіп-кетуі тиіс. Қазақстандық павильонды 400 мыңнан астам адам көріп кетеді деген болжам бар.

Ертең, мамырдың 12-сі күні ресми түрде ашылатын «EXPO-2012» халықаралық көрмесі 3 айға жалғасып, 2012 жылдың 12 тамызына дейін жұмыс істейтін болады.

Соңғы жаңалықтар