Кореялық дәрігерлер шымкенттік науқастарды қабылдады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореялық дәрігерлер Шымкентке келіп, әріптестерімен тәжірибе алмасты. Урология бойынша әлемге танымал профессорлар - Ким Дже Хон мен Ким Ён Джин облыстық ауруханада науқастарды қабылдап, тегін кеңестер берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шетелдік делегацияны бастап келген профессорлар Сеулдегі Сунчонхян медициналық орталығында науқастарды емдейді. Бұған дейін алматылықтарға тегін кеңес берген олар ерлер арасындағы несеп жолдары мен простатит және аденома дертінің дендеуінің алдын алады. Мамандардың пікірінше, бұл аурулар ер азаматтарға салауатты өмір салтын ұстанбаудан, компьютердің алдында ұзақ отырып, жұмыс істеу мен дене қимылының аздығынан асқынады деп отыр.
«Сунчонхян медициналық орталығының дәрігерлері екі жылдан бері қайырымдылық шараларын жүргізіп жатырмыз. Бұл - үшінші келуіміз. Жер-жерді аралап, науқастарға тегін кеңес береміз. Бұл жолы 4 дәрігер шымкенттік әріптестерге шеберлікті шыңдау дәрістерін өткізуге келдік»,- дейді Ким Дже Хон.
Айта кетейік, өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Оңтүстік Кореялық дәрігерлер арасында екіжақты меморандум жасалған болатын. Құжат бойынша былтырдың өзінде оңтүстікқазақстандық 6 дәрігер Корей еліне барып, біліктілігін арттырып келді. Ал, биыл тағы 8 дәрігер Сеульге жол тартпақшы.
«Кореяға барып, оқып келген 6 дәрігер өткен жылдан бері 17 рет ота жасады. Заманауи технологияны пайдалана отырып, былтыр алты операция шетелдік профессорлардың қатысуымен жасалды. Енді үйреніп келгендірін шетелдік мамандарсыз-ақ өздері жасап жатыр»,- дейді облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері Марат Пашимов.