Қорға жиналған зейнетақы активтері 1 трлн теңгеге ұлғайды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері 1 трлн теңгеге ұлғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері 1 трлн теңгеге немесе 8 пайызға ұлғайып, биылғы қыркүйек айының соңында 14,1 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бастап инвестициялық кіріс көлемі - 742 млрд теңгені, зейнетақы жарналары – 1 трлн 238 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері – 197,4 млрд теңгені, мерзімінен бұрын алу сомасы 858,5 млрд теңгені құрап отыр», - деді Ғалымжан Пірматов.
Оның атап өтуінше, зейнетақы активтерінің кірістілігі соңғы 12 айда 7,5 пайыз болды.
«Бұл ретте зейнетақы активтерінің 5 жыл ішінде жинақталған кірістілігі жинақталған инфляция 53,7 пайыз болған кезде 55,8 пайызды құрады», - деді ол.