Қорғалжында анықталған сібір шыбыны түрлі инфекция таратуы мүмкін - Аңсағаным Зейниева

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Қорғалжын ауданында сібір гнусы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аудандық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Аңсағаным Зейниеваға сілтеме жасап.

Қорғалжында анықталған сібір шыбыны түрлі инфекция таратуы мүмкін - Аңсағаным Зейниева

Басқарма басшысының айтуынша, 2019 жылы Ақмола облысының зоо-паразитология тобы Қорғалжын ауданында жүргізген энтомологиялық зерттеу кезінде сібір гнусын анықтады.

«Бұл шыбынның шағуы аллергиялық реакция береді және түрлі инфекция таратуы мүмкін», - дейді ол.

Ведомстводан атап өткендей, оны терең зерттеу үшін 2020 жылдың мамыр айында Қорғалжын ауданының әкімдігі Семей қаласының Ш.Құдайбердиев атындағы Семей мемлекеттік университетімен келісімшарт жасады. Шығысқазақстандық энтомолог ғалымдар 2020 жылдың маусым айында жұмысты бастауды жоспарлаған еді. Коронавирус инфекциясына орай енгізілген карантиндік шектеуге байланысты бұл жұмыстардың қашан жүргізілетін әзірге белгісіз.

«Ғалымдар Қорғалжын ауданында сібір гнусының табиғи ортасын, сондай-ақ оларға қарсы қолданылатын дизенфекциялық препараттарды анықтауды жоспарлап отыр. Әуелі ғалымдар зерттеп алмайынша, ешқандай шара қолданылмайды. Тек зерттеу қорытындысы бойынша ғана аумақтық басқарма жергілікті атқарушы органдарға дизенфекциялау жұмыстарын жүргізу үшін қаржы сұрап жүгіне алады. Қазір бұл мәселе бақылауда. Осы жағдайға байланысты барлық өзгерістерді тұрғындарға айтып отырамыз»,- деп толықтырды ведомстводан.