Қорғалжында этнотуризм қолға алынды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жергілікті «Дударай» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Марат Айымжановтың бастамасымен қолға алынған тың іске отбасы түгелдей жұмылдырылған. Өз қаражаттарына 12 қанатты екі киіз үй құрып, іші-сыртын ұлттық сипатта өрнектеп, жасаулармен жабдықтаған. Ағаштан қиып жасалған жатын орын да ұлттық дәстүрімізге ыңғайластырылған. Мұнда меймандарды қарсы алу, тамақтандыру, орналастыру барлығы ұлттық мағынада жүзеге асырылады. Бір атап өтерлігі, ұжым жетекшісі Марат меймандармен ағылшын тілінде түсінісе алады. Ал көмекшілері шет тілін меңгеруге бел буған. «Дударай» ансамблінің мүшелері де ұлттық киімде өнер көрсетіп, алыс және жақын шет елдерден келген меймандардың көңілін көтеруге тырысады. Өздері жұмысқа кіріскен екі ай ішінде АҚШ, Англия, Канада, Франция, Италия, Жапония елдерінің саяхатшылары жергілікті жердің табиғат сұлулығын тамашалаумен қатар ұлттық салт-дәстүрімізге қанығады. Соған сәйкес салт ат туризмі, жаяу серуендеу, автобуспен жолға шығу ескерілген. Ең бастысы - этнотуризмді өркендету іс-шаралары жергілікті Қорғалжын саябағымен бірлесіп жүзеге асырылады.