Қорғалжында көлге батып кеткен ер адам табылмай жатыр – Ақмола облысы
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қорғалжын ауданында құтқарушылар Арықты ауылындағы көлге батып кеткен 1969 жылғы ер адамды іздеп таппай жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, құқық қорғау органдарына ер адамның жоғалғанын оның әйелі хабарлаған. Қазір жоғалған азаматты іздеу шараларына құтқарушылар, полиция мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмылдырыған.
«Іздестіру шарасы кезінде Арықты ауылындағы көлдің жағасынан ер адамның аяқкиімі табылды. Құтқарушылар бірден сүңгурлерді шақырып, екі тәулік бойы көлдің түбінде сүзуде. Алдын ала мәліметтер бойынша ер адам суға батып кеткен. Құтқарушылар оны күні бойы іздеп, іздеу жұмыстарын тек түнде ғана тоқтатқан. Әзірге іздеу жұмыстары нәтиже берген жоқ. Бұған төрт құтқарушы, бір жүзу құралы және 4 полиция қызметкері мен екі техникасы жұмылдырылған», - дейді Қорғалжын аудандық ТЖ Б бастығы Алмас Әубәкіров.
Айта кету керек, сонымен бірге, іздестіру жұмыстарына еріктілер де көмектесуде. Олар ауылдың маңындағы аумақтарды сүзіп шықты.