Қорғаныс министрлігі әскерден жалтаратын бозбала санын екі есе қысқартпақ

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы 20 мыңға жуық бозбала әскерге барудан жалтарған. Бұл туралы ҚР Қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник Азамат Досымов айтты.

сарбаз
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Мерзімді әскери қызметке қатысты айтар болсам, осыдан 2-3 жыл бұрын одан жалтаратындардың саны шамамен 35-40 мыңға жеткен еді. 2023 жылдың әскерге мерзімді шақыру кезеңін алып қарасақ, олардың саны шамамен 20 мың болды. Демек, екі жылдың ішінде біз олардың санын 2 есе қысқартып отырмыз. Биыл да бірқатар заңнамалық бастамалар аясында және өзге де мемлекеттік органдармен тығыз жұмыстың нәтижесінде олардың санын тағы 50 пайызға қысқартуды жоспарлап отырмыз», — деді Азамат Досымов орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Бұған дейін биыл 20 мыңнан астам азамат әскер қатарын толықтыратынын жазған едік.