Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға алдағы әскери оқу-жаттығулар туралы ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Қорғаныс министрлігі 29 маусым мен 2 шілде аралығында Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру бойынша кешенді тактикалық-саптық сабақтар өтетінін хабарлады.

армия солдаты
Фото: Қорғаныс министрлігі

Министрліктің мәліметінше, оқу-жаттығулар жеке құрам мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне көшу кезіндегі практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған.

«Өткізілетін іс-шаралар жоспарлы оқу сипатында болады және негізінен әскери бөлімдердің аумақтарында және оқу полигондарында ұйымдастырылады. Осыған байланысты әскери техниканың қозғалысы байқалуы мүмкін. Жекелеген бөлімшелер оқу полигондары мен оқу орталықтарына жоспарлы марштар жасайды», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, осы кезеңде өңірлердегі жекелеген автожол учаскелерінде жол қозғалысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.

«Азаматтарды, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тек ресми ақпарат көздерінде жарияланған мәліметтерді басшылыққа алуға шақырамыз», – делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі әскерде намаз оқуға қатысты мәлімдеме жасады.