Қорғаныс министрлігі әскерде жүріп ажал құшқан қос сарбаздың өліміне қатысты түсініктеме берді

әскер
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА.KAZINFORM — Қорғаныс министрлігі мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер туралы жарияланымдарға қатысты түсініктеме берді. 

«Қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтаров пен қатардағы жауынгер Алмас Шахимовтың өліміне қатысты фактілер Ұлттық ұланда орын алды және оның Қарулы күштерге қатысы жоқ. 2024 жылғы 13 мамырда Сарыөзек кентіндегі 29108 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгері Досымжан Сәлімжанның қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Әскери қызметшінің ата-анасына жан-жақты қолдау көрсетіліп, барлық тиісті өтемақылар төленетін болады», — делінген ресми мәлімдемеде. 

Қорғаныс ведомствосы да, ата-аналар да жүргізіліп жатқан тергеудің шынайы болуына мүдделі.

«Әскери қылмыстарды тергеу барысын ҚР Бас прокуратурасы және ҚР Ішкі істер министрлігінің тиісті бөлімшелері қадағалайды. Қарулы күштердің басшылығы мен әскери бөлімдердің қолбасшылығы тергеу әрекеттері мен қажетті рәсімдерді жүргізуде ашықтық пен объективтілік қағидаттарын ұстанады» — деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар
telegram