Қорғаныс министрлігі сарбаздардың үйіне аман-сау оралуына кепілдік бере ме
АСТАНА. KAZINFORM – Әскердегі өлім-жітімнің азаймау себебін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Сұлтан Қамалетдиновтен сұрадық.

— Өлім-жітім әскердің ғана емес қоғамның бір бөлігі. Жол бойындағы өлім-жітім қашан тоқтайды деп айта алмаймыз ғой, ол тоқтамайды. Әрине, біз оны азайтуға тырысамыз, — деді Сұлтан Қамалетдинов Мәжіліс қабырғасында тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.
Сондай-ақ БАҚ өкілі Қорғаныс министрлігі сарбаздардың әскерден үйіне аман-сау оралуына кепілдік береді деген сауал қойды.
— Сіз бүгін үйіңізге аман-сау жететініңізге кепілдік бере аласыз ба? Білмейсіз, ол әр адамның белгісі. Біз оны білмейміз, ешкім кепілдік бермейді, — деп қысқа қайырды Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.
Еске сала кетсек, Ақтаудағы сарбаз өлімінен кейін бірнеше лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Таяуда ғана әскерде тағы бір қайғылы оқиға болды. Қорғаныс министрлігі Сарыөзектегі сарбаз өлімінің ықтимал себебін айтты.