«Қорғаныс қабілетіміз кемелденіп келеді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 7 мамыр, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Қорғаныс қабілетіміз кемелденіп келеді» - баспасөзге шолу

***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Елбасы жиналғандарды Отан қорғаушы күнімен құттықтады. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Қорғаныс қабілетіміз кемелденіп келеді» деген тақырыппен жарық көрді. Басылымның жазуынша, Мемлекет басшысы елімізде жоғары деңгейдегі қорғаныс қа¬білетін қамтамасыз ету үшін қажетті нәрсенің бәрі жасалып жатқанына назар аударды. «Қорғаныс шығыстары қиындықтарға қарамастан басым тәртіп бойынша қаржыландырылады. Жауынгерлік кезекшілікке қайта жарақтандыру бағдарламасына толық сай келетін жаңа әскери техника түрлері шығады. Таяу жылдарда қару мен техниканың барлық түрінің 70 пайызы, ал жекелеген санаттар бойынша 100 пайызға дейіні жаңартылатын болады. Жыл сайын жүзден аса шұғыл тексеру және әскери оқу-жаттығулар қазіргі заманғы ықтимал соғыс жағдайына барынша бейімделіп өткізіледі», - деді Қазақстан Президенті.

Соңғы кездері «жігіттің көбі әскерге жарамсыз» немесе «әскерге барғысы келмейді», «Отан алдындағы парызын өтеуге құлшыныс жоқ», деген сыңайлы әңгімелер жиі айтылып жүр. Тіпті, «сол үшін әскерден жалтарғандарға жазаны да күшейтіпті» дегенді де естідік. Шынымен, солай ма? Жалпы, көктемгі әскерге шақыру науқаны қалай болып жатыр? Бұл сұрақтарға тұщымды жауапты «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары жасақтау басқармасының бастығы Амантай Өсербаевтан алған. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген ол: «Қазіргі уақытта шақырту пунктіне өз еркімен келушілердің саны күннен-күнге арта түскенін зор қуанышпен айта аламыз. Әскерден әртүрлі әлеуметтік немесе жеке басының мәселесі бойынша жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарында есепке алу қағидаттарын бұзғандар бар, әрине. Алайда, әскери қызметтен жалтарғандар жауапқа тартылатын болады. Әскери қызметтен жалтару мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеумен, не осындай мөлшердегі түзеу жұмыстарымен, немесе бір жылға дейін бостандықты шектеумен, не осындай мерзімге бостандықтан айырумен жазаланады. Егер әскерге шақырылушы тергеу органы істі сотқа өткізгенге дейін өз еркімен әскерге шақыру пунктіне келсе, онда ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Әскери қызметтен босатуға заңды себептері болмай жалтарған азаматтарға мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе еңбекпен түзету жұмыстарына жіберіледі, тіпті бір жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді. Сұхбат «Әскерге әркімнің-ақ бар таласы» деген тақырыппен берілген.

***

Павлодар университетінің студенттері Асқат Айтжанов пен Нұрғиза Қалинова миллион теңге ұтып алды. «Экспресс К» газетінің жазуынша, олар қымыздан қалай балмұздақ жасау керек екендігін ойлап тапқан. Студенттер «Қазақстанды қалай азықтандыруға болады?» бизнес-жобалар байқауында жеңіске жетіпті. «Біз төрешілердің назарына өзіміз білім алып жатқан ЖОО-ның зертханасында әзірлеген фирмалық балмұздағымызды ұсындық. Ол химиялық қоспасыз таза табиғи өнімнен жасалған», - дейді олар.

***

Павлодар маңындағы елді мекеннің тұрғыны өз ауласынан ежелгі қорым тауып алды. Бұл жайында «Литер» газеті жазуда. Басылымның жазуынша, ауыл тұрғыны үйіне су құбырын тарту үшін ор қазу барысында адам сүйегіне кез болған. Адамның сүйегін көрген полиция қызметкерлері бастапқыда бұл жерде қылмыс болған деген ұйғарымға келген. Алайда, қабірден әйел адамға тиесілі күміс сақина шыққаннан ейін оның ежелгі қорым екендігі анықталды. Археологтар оның 8-10 ғасырлардағы қимақ не болмаса түркі қорымы екендігін айтуда.