Қорғаныс министрі АҚШ елшісіне «Хьюи» тікұшағы үшін алғыс айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Кролмен кездесті.
«Кездесу барысында екі елдің қорғаныс ведомствалары арасындағы екіжақты әскери ынтымақтастық мәселелері талқыланып, әскери кадрларды даярлау ауқымында өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасу болашағы, әскери оқу орындарының курсанттар мен тыңдаушыларын өзара алмастыру мүмкіндіктері, сондай-ақ басқа да бірқатар өзекті тақырыптар қозғалды», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Еліміздің қорғаныс ведомствасының басшысы Төтенше және өкілетті елшіні әскери-техникалық ынтымақтастық аясында Қарулы Күштерге америкалықтар тарапынан жеткізілген төртінші «Хьюи» тікұшағы үшін алғысын білдірді.
Бүгінгі күні Қазақстан мен АҚШ әскери ынтымақтастығының контекстіне әскери-далалық медицинаны дамыту мен жеке құрамды даярлау шеңберіндегі өзара мүдделер кіреді. Екі елдің 2018-2022 жылдарға арналған жаңа бес жылдық жоспарының жобасында екіжақты әскери ынтымақтастықтың келешектегі мәселелері қамтылады.