Қорғаныс министрі әскери қызметшілерді Отан қорғаушы күнімен және Қарулы Күштердің 20 жылдығымен құттықтады

АСТАНА. 7 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков салтанатты жағдайда әскери қызметшілерді Отан қорғаушы күнімен және ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтады.
None
None

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

«Осыдан тура 20 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Содан бері әскеріміз елмен бірге дамып,  буыны бекіп, жауынгерлік қуаты жыл сайын артып келеді. Бүгінде біз еліміздің Қарулы Күштерін Тәуелсіздігіміздің сенімді қорғаны деп мақтанышпен айта аламыз», - деді Қорғаныс министрі.

Салтанатты жиында министр бірқатар әскери қызметшіге мемлекеттік наградалар мен мерзімінен бұрын әскери шендерді табыс етті.

Қорғаныс министрлігіндегі салтанатқа әскери қызметшілерді мерекелерімен құттықтауға Қарулы Күштердің ардагерлері де келді. Әділбек Жақсыбеков ардагерлерге салтанатты жағдайда мерейтойлық медальдарды табыс етті.

«Отанымыз бен халқымыздың қауіпсіздігін ел Қарулы Күштері қамтамасыз етеді. Ал, әскерде қызмет ету Қазақстанның әрбір азаматының конституциялық борышы ғана емес,  шын мәнінде құрметті іс. Бүгінде Қарулы Күштеріміз - барша қазақстандықтың мақтанышына айналды. Әскери қызмет қазақстандықтар үшін аса құрметті мамандық саналады.  Бұл біздің мерейтойлық жылда қол жеткізген басты табысымыз», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Ардагерлер атынан Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов сөз сөйлеп, әскери қызметшілердің алдына қойылған кез келген тапсырмалардың сөзсіз орындалатынына сенім білдірді.

Қорғаныс министрі барша әскери қызметшіні Отан қорғаушыр күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық, мол бақыт, қызметте табыс тіледі.

  

Соңғы жаңалықтар