17:05, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қорғаныс министрі Д. Ахметов Алматыдағы әскери оқу орындарын аралады
АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Даниал Ахметов Алматыдағы жоғары әскери оқу орындарын аралады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қорғаныс министрі жұмыс сапары аясында әскери жоғары оқу орындарының оқу-материалдық базасымен танысты, Құрлық әскерлері институтының, Радиоэлектроника мен байланыс әскери-инженерлік институтының, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің әскери институтының оқытушыларымен және курсанттарымен кездесті. Д. Ахметов әскери пәндер кафедраларының жұмысымен танысып, оқу корпустары мен кітапханаларда болды, курсанттар тұрып жатқан жатақханаларды аралап көрді. Бүгінде әскери жоғары оқу орындары үшін мемлекеттік білім беру стандарттары жетілдірілді, оқытушылардың біліктілігіне қатысты талаптар күшейтілді және білім беру үрдісін ұйымдастырудың біртұтас жүйесі жасалды. Оқыту орталықтарын жетілдіру мақсатында оқу корпустарын, казармаларды жөндеуге қосымша қаржы бөлінді. Өткен жылы әскери оқу мекемелерінде оқу нысандарын, инженерлік коммуникацияларды жөндеуге, аумақты абаттандыруға бағытталған ауқымды жөндеу жұмыстары басталған еді. Атқарылған жұмыстар қазірдің өзінде көлемі 2 млрд теңгеден асып отыр. «ҚР Қорғаныс министрлігінің мультисервистік ақпараттық білім беру ортасы (МАБО) құрылуда. Бұл заманауи оқыту әдістері мен тәсілдерін енгізу, Қазақстандағы әскери оқу мекемелеріндегі оқыту сапасын әлемдік стандарт деңгейіне жеткізу деген сөз. Осы арқылы білім беру жүйесі қазіргі заманғы бағдарламалық-техникалық оқыту құралдарымен жарақтандырылады», дейді қорғаныс ведомствосының басшысы. Қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды меңгеру болашақ офицерлер үшін нәтижелі болмақ. Олар болашақта алған білімдерін тәжірибе жүзінде сәтті іске асыруға мүмкіндік алады.2008 жылы әскери оқу орындарының құрамына 300-ге жуық стационарлық компьютерлер мен 100 мобильді ноутбук кіретін
90-нан аса ақпараттық кешен қойылып, бағдарламалық қамтамасыз ету мен сандық білім ресурстары қондырылды. Биылғы жылы осы жаңа үлгіні Қорғаныс министрлігінің оқу орындарына енгізудің екінші кезеңі басталды. Қазіргі таңда ақпараттық технология мамандарының араласуымен құрылғыларды қосымша игеру және инженерлерді қайыра оқыту жұмыстары қолға алынып отыр.