Қорғаныс министрі «Жас ұлан» республикалық мектебі мен Кадет корпусының тәрбиеленушілерін қабылдады

оларға Жаңа жылға арналған мерекелік шара ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шара барысында жас жауынгерлерді мерекелерімен құттықтаған Қорғаныс министрі; «Біз сіздермен жылдағы дәстүр бойынша кездесіп отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Елбасы біздің жастарымызға үлкен үміт артады және сіздерге көңіл бөліп отыр. Өйткені сіздер еліміздің, қорғаныс саласының болашағысыздар. Ал қорғаныс саласы - мемлекеттің тірегі. Тәуелсіздігіміздің мықты, берік болуы осы саланың қызметіне де байланысты. Мемлекет басшысы ел егемендігін алып, енді ғана қалыптасып келе жатқан қиын-қыстау күндердің өзінде-ақ «Жас ұлан» сияқты әскери саладағы мамандар даярлайтын мектептің қызметін жолға қойды. Бүгінде аталмыш мектеп пен Кадет корпусының қызмет етуі республиканың қорғаныс саласына қаншалықты көңіл бөлініп отырғандығының көрінісі. Сондықтан да мен сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, еңбектеріңізге сәттілік, оқуларыңызға табыс тілеймін. Мен сіздерді біздің Отанымыздың нағыз қорғанышы болады деген үміттемін», деді министр.
Басқосу барысында жауынгер жастарға арналып, дастарқан жайылды. Сондай-ақ оларға сыйлықтар табыс етіліп, ән шырқалып, би биленді.