18:09, 20 Ақпан 2009 | GMT +5
Қорғаныс министріне естелік құрмет белгісі табыс етілді
АСТАНА. Ақпанның 20-сы. ҚазАқпарат – Ауғандық жауынгерлер Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Даниал Ахметовке Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған естелік құрмет белгісін табыс етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Ауған соғысы ардагерлері ұйымының қазақстандық қауымдастығы Ауғанстаннан кеңес әскерінің шығарылғанына 20 толуын мерекелеу күндері кездесулер және митингілер өткізумен шектеліп қалған жоқ. Айтулы күн қарсаңында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне Бауыржан Момышұлының 90 жылдығына арналған естелік құрмет белгілері де табыс етілді. Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлов қауымдастық шығарған белгілер санының шектеулі болуы, оның маңыздылығы мен салмағын арттыра түсетінін атап өтті. Естелік құрмет белгісінің бірінші кезекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырылуының өзі, жоғары да айтылған сөздерге толық айғақ.Қорғаныс министріне құрмет белгісін тапсыра отырып, Бақытбек Смағұлов елімізді дамытуға, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және Бауыржан Момышұлының мұрасын әйгілеуге Даниал Ахметовтың қосқан зор үлесін атап өтті. Осы белгімен марапатталғандар қатарында мемлекет қайраткерлерімен қатар Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы, полковник Серік Шалов та бар. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік тілді дамыту басқармасына басшылық етіп отырған полковник Шалов Ұлы Отан соғысына қатысушы, офицер, атақты жазушының мұрасына арналған шығармашылық кездесулер мен басқа да шараларды ұйымдастырушы ретінде де кең танымал.