Қорғаныс министрлігі 2030 жылға дейін отандық өндірушіден 274 «Арлан» мен 106 «Барыс» көлігін сатып алады

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы мен Қорғаныс министрлігі арасныдағы 2030 жылға дейін меморандум әлі күшінде. Ведомствоның ресми мәліметінде осындай ақпарат келтірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қорғаныс министрлігі 2030 жылға дейін отандық өндірушіден 274 «Арлан» мен 106 «Барыс» көлігін сатып алады

«Меморандумға 2017 жылы қол қойылды. Қазақстанның заңнамасына сәйкес меморандум азаматтық-құқықтық шарт емес және оған қол қойған тараптар үшін заңды, қаржылық және өзге де міндеттемелер мен салдарларға әкеп соқпайды. Бұл Меморандумның мәтінінде де көрсетілген.

Зауыттың 2015 жылы салынғанын, «Арландарды» алғашқы жеткізу 2016 жылы жүзеге асырылғанын, ал Меморандумға 2017 жылдың шілдесінде қол қойылғанын атап өту керек. Бұл құжат 2030 жылға дейін 274 бірлік «Арлан» және 106 бірлік «Барыс» беренді дөңгелекті машиналарын сатып алуды көздейді. Қорғаныс министрлігі Меморандумда көрсетілген мерзімге сәйкес беренді машиналарды сатып алуды жүзеге асырады», - делінген министрліктің ресми мәліметінде.

Ведомство мамандары жауынгерлік техникалар әскери сынақтар өткеннен кейін ғана сатып алынуы керектігін еске салады.

«Барыс» беренді машинасына келетін болсақ, қазіргі таңда ол тәжірибелі әскери пайдаланудан өткен жоқ. Зауыт кемшіліктерді жоюмен айналысып жатыр.

Бүгінгі таңда Қарулы күштерде 138 «Арлан» көпмақсатты беренді машинасы (110 бірлік жауынгерлік модульмен және 28 бірлік жауынгерлік модульсіз) барын айта кету керек.

2022-2023 жылдарға 2023 жылы жеткізіліммен тағы да 20 «Арлан» көпмақсатты беренді машинасын (жауынгерлік модульмен 18 бірлік және жауынгерлік модульсіз 2 бірлік) сатып алу жоспарланып отыр. 2023 жылдың соңына дейін Қарулы күштерде жалпы саны 158 бірлік «Арлан» КБМ (128 бірлік жауынгерлік модульмен және 30 – жауынгерлік модульсіз) болады.

Сонымен қатар 2022 жылы қорғаныс тапсырысын орындау кезінде «КПИ» бекітілген рәсімге сәйкес қызметке қабылданбаған «WSE» жаңа үлгісіндегі 10 дана «Арлан» КБМ-ға жауынгерлік модулін орнатты.

Осылайша «КПИ» мемлекеттік қорғаныс тапсырысының орындалуын бұзып отыр. Өйткені Қарулы күштердің көрсетілген 10 КБМ қабылдау актісіне қол қойылмаған», - деп жазылған министрлік мәліметінде.

Ведомство дерегінше, 11 қыркүйектен бастап аталған жауынгерлік модульді әртүрлі климаттық жағдайларда 2023 жылдың соңына дейін тәжірибелік әскери пайдалану жоспарланып отыр.

«Сол себепті 2023 жылы «WSE» жауынгерлік модульдерін орнату көзделген 18 «Арлан» КБМ-ын жеткізу шартының бұзылу қаупі туындап отыр.

2024-2025 жылдарға «Арлан» КБМ-нің 15 бірлігін (жауынгерлік модульсіз) 2025 жылғы жеткізіліммен сатып алу жоспарланған. «КПИ» барлық талаптарды орындаған жағдайда, 2025 жылдың соңына дейін Қарулы күштерде «Арлан» КБМ-ның 173 бірлігі болмақ.

Меморандумның заңды күші болмағанына қарамастан, Қорғаныс министрлігі 8 жыл ішінде келісілген саннан 60%-дан артық «Арлан» сатып алғанын айта кету керек.

Не отандық, не шетелдік бірде-бір кәсіпорыннан сонша техника сатып алынған жоқ», - делінген ресми ақпаратта.