Қорғаныс министрлігі 7 мамырда Қазақстан тарихында тұңғыш рет жауынгерлік шеру өткізеді
Өткен жылы «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Заңға толықтыру енгізіліп, Отан қорғаушылар күні мемлекеттік мерекеге айналған болатын.
Осы оқиғаның құрметіне және Қарулы күштердің 21 жылдығына орай Қазақстан тарихында тұңғыш рет 7 мамыр күні Гвардиялық гарнизон құрамалары мен бөлімдерінің базасында Қазақстан Қарулы күштерінің жауынгерлік шеруі өткізіледі.
Арнайы жабдықталған алаңдарда Қазақстан Қарулы күштеріне соңғы кездері жеткізілген әскери техникалар мен қаруландырудың соңғы үлгілері, сонымен қатар, олардың жауынгерлік қолданылуы да көрсетіледі. Айталық, С-295 ұшағының ұшыру-қондыру алаңына келіп қонуы жоспарланған. Жауынгерлік шеру кезінде авиация мен артиллерияның қолдауымен әскерлердің практикалық іс-қимылы өтеді.
Сонымен бірге, Гвардиялық гарнизон салтанатына қатысушылар тікелей бейнекөрсетілім арқылы Каспий теңізі алабындағы Қазақстанның Әскери-Теңіз күштері кемелерінің жауынгерлік атысын тамашалай алады.
Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіптік кешені кәсіпорындары да өз жетістіктерін ұсынып, әскери маңыздағы өнімдерді шығарудағы қуаты мен мүмкіндіктерін паш етеді.