Қорғаныс министрлігі 82 млрд теңгеге брондалған техника сатып алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрлігі биыл «Арлан» брондалған дөңгелекті техниканың 10 данасын сатып алады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Министрдің айтуынша, 2016 жылдан бастап бөлімшелерді жасақтау үшін «Қазақстан Парамаунт инжиниринг» ЖШС-дан 138 бірлік 6х6 «Арлан» брондалған дөңгелекті техника сатып алынды. 2022 жылы осындай техниканың 10 бірлігі жеткізіледі.

«Ал 2023 жылы жауынгерлік модульдері бар «Арлан» брондалған дөңгелекті техниканың тағы 20 бірлігін жеткізу жоспарлануда. Яғни, Қарулы күштер мүддесінде сатып алынған 6х6 «Арлан» брондалған дөңгелекті техниканың жалпы саны 168 бірлікке жетеді. Бұл ақшалай мәнде 82 млрд теңгеден астамды құрайды», - деп атап өтеді министр.

Оның атап өтуінше, Қорғаныс министрлігі қазіргі уақытта Қазақстан Парамаунт инжинирингпен бірлесіп, 4х4 БДМ базасындағы перспективалы арнайы машиналар шығару мәселесін пысықтап жатыр.

«Сонымен, артиллерияның оқ атуын басқару машинасын шығаруға арналған техникалық тапсырма дайындалды және оны ведомствоішілік кеңесші органның отырысында қарау жоспарлануда. «ҚПИ» ЖШС шығарған 4х4 БДМ базалық машина ретінде айқындалған жағдайда, осындай 18 бірлік жауынгерлік техниканы сатып алу мәселесі қаралатын болады», - деді Руслан Жақсылықов.


Соңғы жаңалықтар