Қорғаныс министрлігі әскери дәрігер болғысы келетін жастарды іздестіріп жатыр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қорғаныс министрлігі Мемлекет басшысының Қарулы күштердің кадрлық әлеуетін арттыру тапсырмасын іске асыру шеңберінде әскери дәрігерлерді даярлауды ұйымдастырып жатыр.
Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан әскеріне медицина мамандарын Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтының әскери-медицина факультеті, Санкт-Петербургтегі Әскери-медицина академиясы және Ереван мемлекеттік медицина университетінің әскери-медицина факультеті дайындайды.
Биыл оқу орындарына 40 курсантты оқуға қабылдау жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Санкт-Петербургтегі Әскери-медициналық академия ұлдарды да, қыздарды да оқуға қабылдайды. Оқу барысында курсанттар толықтай мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі.
«Оқуды аяқтаған болашақ әскери дәрігерлерге «лейтенант» әскери атағы беріледі. Жас мамандарда Қарулы күштерде әскери қызмет өткере отырып, интернатурада оқуын жалғастыруға мүмкіндік бар.
Әскери оқу орындарына түскісі келетін талапкер биылғы жылдың мамыр айынан кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына хабарласуы қажет»,-делінген хабарламада.