Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептеріне ақысыз оқуға қабылдау жүріп жатыр

АСТАНА, ҚазАқпарат - «Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі» РМҚК Алматы филиалында азаматтарды тегін оқуға қабылдау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектептеріне ақысыз оқуға қабылдау жүріп жатыр
Фото: gov.kz

Қарулы күштерді жасақтау қажеттілігіне сәйкес әскери жүргізушілерді даярлау жоспарланған. Бұл ретте әскери-техникалық мамандық бойынша оқу мерзімі – үш ай. Мектеп түлектері «В», «С» және «С1» санатындағы жүргізуші куәлігін алады.


«Заң бойынша «С» санатындағы автокөлік құралын жүргізу құқығы 21 жастағыларға ғана беріледі. Ал жергілікті әскери басқару органының жолдамасы бойынша біздің мектепті бітірген жастарға мұндай мүмкіндік 18 жасында беріледі», – деді Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебі Алматы филиалының директоры полковник Мирас Жылгелдин.

Оқу кезеңінде курсанттар мемлекет есебінен тұрғылықты жермен, тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Биылғы жоспар бойынша Әскери-техникалық мектептің Алматы филиалында 60-тан аса адам білім алады. Осылайша, Қарулы күштер қызметке дайындалған әскери-техникалық бейіндегі мамандарды толықтырады.

Техникалық мамандықты меңгеру еңбек нарығында сұранысқа ие екенін де атап өткен жөн.